
Кермек (Lіmonіum) – қорғасыншөптер тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік, шала бұта. Жер шарында кең тараған, негізінен, Жерорта теңізі жағалауларынан Орталық Азияға дейінгі аймақта кездеседі. 200-ден артық түрі белгілі. Биіктігі 15 – 80 см, сабағының түбі қатайып сүректенген, ұшына қарай көптеген бұтақтар тарайды. Қабыршақты, ине немесе желпуіш тәрізді жіңішке, тегіс жиекті жапырақтары өркенге сағақты кейде сағақсыз (отырмалы) кезектесіп орналасады. Сабағының түбіндегі ірілеу жапырақтары жертағандап сабақты айнала дегелектеніп жатады. Жеке гүлі ойыс немесе түтік тәрізді жұқа жарғақты 5 тостағаншадан, күлгін, қызғылт, сары түсті 5 күлтеден, 5 аталық және бір аналықтан тұрады. Майда гүлдері жиі бұтақталып тарамдалған біржақты масақ гүлшоғырына жиналған. Шілде – қыркүйек айларында гүлдейді.
